Менің сұлулық индустриясы туралы оқитыным да, жазатыным да көп, алайда сұлулықтың сиқырлы күшін сипаттайтын сүйікті хикаяларымның опа-далапқа, хирургияға немесе қоспаларға қатысы жоқ. Мұның бәрі сұлулықтың нышаны, алайда мәселе бұларда емес. Сұлулық – биліктің өзара алмасуы, сұлулық үшін жүргізілген келіссөздер мен оған деген ұмтылыс; ашулы және кекшіл Құдай үшін жасалған құрбандықтар сұлулық үшін де жасалады. Маңызды оқиға алдында ерін далабын жағу – бұл ұран; жұмыс сұхбаты алдында жағылатын ерін далабы – бір мезетте дұға да, сауыт та болып табылады. Аңыздарға сүйенсек, сұлулықтың елдерді соғысқа жетелей алатын күші бар, ал сиренаның үніне ерген ер адамдар әрқашан суға батады. Бұл аңыздарда бірақ шындық бар: сұлулық қауіпті, өйткені оның саудасы билікпен тығыз байланысты, ал биліктің әрдайым сұрауы бар.  

Сұлулық – әлемнің төрінен орын алу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істеу. Әрине, өз денеңде өзіңді сенімді сезіну, қалаулы болып, өзгелерге өзің қалағандай көріну де – сұлулыққа байланысты ұғымдар, алайда бұлар өзіңнің сүйкімділігің мен өзің жайлы көзқарасты өз бақылауыңда ұстауды да, өзіңді өзің билеуді де білдіреді. Кез келген билік күшіне қол жеткізу үшін адамдар не жасаса, сұлулық үшін де соны жасайды. Бұның прагматикалық мәні бар. Сұлу адамдардың өмірде көп нәрсеге қолы оңай жетеді деп есептейміз, және бұған статистика дәлел бола алады. Бала кезінде олар ата-анасы мен мұғалімдерінің ерекше көңіліне бөленіп өседі. Ал ересек кезінде, олар жұмыстың ең жақсысына орналаса алады. Сот болса олардың жазасын жеңілдетуге бейім болады. Бұл қатігез әрі тұрақсыз қасиетке осыншама құмар болғанымыз тіпті таңқалдырмайды. Қоғам да бізге таңдау берер емес.

Сұлулықты талап ететін әлеуметтік қысым үкімет саясатының бір бөлшегіне айналса не болмақ? Бұндай жағдай Америка Құрама Штаттарында 1970-жылдарға дейін орын алғаны таңғаларлық. Көптеген штаттарда ұсқынсыз деп саналатын адамдарды кемсітетін “ұсқынсыз заңдар” бар болатын. Америка тарихындағы ұмытылып кеткен бұл тарау – бүгінгі күні бізге ескертпе, себебі осы заңдардың шығуына себеп болған ойлау жүйесі әлі күнге дейін қолданыста. Көкейді тескен бір сұрақ бар. “Ұсқынсыз заңдардың” шығуына себеп болған мәдени және ғылыми көзқарастар қандай және олардың біздің әлемге тигізетін әсері қандай? Олардың күшін жоюға өмірлерін арнаған белсенділерден біз не үйрене аламыз және жаңа технологиялар арқылы кемсітушіліктің ескі түрлерінің мәңгіге сақталуының алдын қалай аламыз?

Сұлулықты заңдастыру

19-ғасырдың аяғында евгеника қозғалысының басында қабылданған “ұсқынсыз заңдар” сұлулық пен қадір-қасиет туралы өте тар көзқарастарды заңдастырды және осы көзқарасқа қарсы шыққандарды қылмыстық жауапкершілікке тартты. Олар ұсқынсыздарды мүгедек, мүгедектерді ұсқынсыз санап, олардың ел алдына шығуына жол бермеуге тырысты.

Фрэнсис Гальтон 1904 жылы «евгеника» терминін «нәсілді жақсарту» үшін қажет шараларды сипаттау үшін енгізді, бірақ ол сипаттаған көзқарас атауын тапқанша көпшілікке кеңінен тараған еді. “Ұсқынсыз заңдар” – мінсіз бір тұқымды қалыптастыру үшін қажетті тәсілдердің бірі ғана. Бұл заңдар мінсіз сұлу келбетті анықтайтын, сұлулықты денсаулық пен моральдық гигиенаға байланыстыратын этикалық дәлелдемелерге сүйенген математикалық есептеулерді қолданатын евгендік талдау әдістері арқылы заңдастырылды.

Бұл заңдар штаттан штатқа әртүрлі деңгейде реттелгенімен, әрдайым адамдардың белгілі бір тобына бағытталатын: мүгедектер мен кедейлер. Бұл заңдар сұлулықты саяси және мәдени ағарту үшін биоқуат ретінде пайдаланды. Бұл заңдар иммиграциялық саясатпен және қайыршылық туралы заңдармен, жергілікті қаулылармен және білім беру мен қаланы жоспарлауға қатысты федералды саясатпен байланысты болды.

Алғашқы ұсқынсыз заңдардың бірі көшедегі қайыршылықты жоюға арнайы бағытталған болатын. Бұл қоғам тәрк кеткен адамдардың көмекке жүгінуіне жол бермеуге қызмет етті. 1881 жылғы Чикаго жарлығы бұны әсіресе айқын етті: “Көзге жағымсыз немесе адам қарағысыз объектке айналған, ауруға шалдыққан, мүгедек, жарымжанданған, немесе қандай да бір жолмен ұсқынсыз саналатын кез келген адамға көшелерде, автокүрежолдарда, өткелдерде, немесе осы қаланың қоғамдық орындарында жүруге рұқсат берілгенімен, бұлар өзін көпшілік назарына ұсынбауы қажет, ал осыған мойынсұнбаған тұлғалар әкімшілік айыппұлға ілігеді.” Чикаго полицейлері 1902 жылы ұсқынсыз қайыршыларды аулап, үстеріне қышқыл төгетін болған. Сан-Францискода “ұсқынсыз заңдарға” бағынбағандарды айыппұлмен жазалайтын немесе фермаға жұмысқа жіберетін. Өзгелері қаладан қуылатын. Бұл анағұрлым дені сау, анағұрлым ауқатты, анағұрлым ақ нәсілді адамдардан құрылған әлеуметтік тәртіпті орнату үшін жасалған әрекет болатын.

Бұл заңдардың нәсілдік тазалық пен шеттетуге қатысты басқа да заң талаптарымен қабаттасуы және ұқсас болуы кездейсоқ емес. 1875 жылғы «Пейдж» актісі мен 1882 жылғы «Қытайлықтарды шеттету туралы» актісі азиялық иммигранттардың «сары қауіпінен» қорыққан евгенисттер тарапынан қолдау тапты. Аралас некеге қарсы болған нәсілдік тұтастық туралы заң 1924 жылғы Вирджиниядағы ұрықсыздандыру туралы заңмен бірге әзірленді, бұл 1907 жылдан 1937 жылға дейін ұрықсыздандыру туралы заңдарды қабылдаған отыз екі штаттың бірі. Бұл ұрықсыздандыру заңдары жүйелі түрде қара нәсілді, үндіс және азиялық әйелдерге бағытталған, бұл әйелдер ақ замандастарына қарағанда кедей болатын.

Евгендік көзқарастар қазір нағыз құбыжықтай көрінеді, алайда сол уақытта олар жалпы адамзаттың игілігі үшін деген атты жамылып, танымал, қисынды, және тіпті альтруисттік деп саналды. Бұлар ой-санаға сіңген кезде, геноцидке әкелді.

Логикалық шек

Ұлтшылдық және фашисттік ойлармен табиғи түрде үйлесім тапқан евгендік сұлулық идеалы 19 ғасырда бүкіл Батыс әлеміне таралып, Еуропа отарларында қорқынышты әсерге ие болды. Оны фашисттер толықтай және есте қаларлықтай пайдаға асырды.

Фашисттер өздерін эстет санайтын. Олардың қоғамдық көріністері тән кемелдігі мен табиғи “арийлік” сұлулықты көрсету аясында болды. Олардың плакаттарында бет-пішіндері симметриялық, мінсіз мүсінді, сары шашты аққұба отбасылар бейнеленген; бұлармен бірге арқалары бүкірейген, бет-пішіндері асимметриялық, ауыздары қисайған, мұрындары үлкен еврейлер бейнеленген. Америкалық нәсілшілдер мен өздеріне дейінгі еуропалық отаршылдар тәрізді, нацисттер де өздері езгіге салған азшылық ұлттың таптаурын қасиеттерін асыра сілтеп, мұндай қарым-қатынасты ақтау үшін оларды адам санатына қоспауға тырысты. Нацисттер Американың нәсілдік алуандығына жиіркене қарады, бірақ нәсілдік саясатын зерттеуге құмар болды. Америкалық евгенисттер (Гарри Лафлин сияқты) нацисттік нәсілге байланысты жалған ғылымға үлес қосты; олардың кейбіреулері тіпті 1933 жылы Гитлер билікке келгеннен кейін саясат пен бағдарламаларды әзірлеуге көмектесу үшін Германияға сапар шекті.

Дәл сол жылы Үшінші рейх генетикалық ауруы бар балалардың туылуының алдын алу туралы заң қабылдады. Екі жылдан кейін олар “тұқым қуалайтын ауруы бар” жұптардың неке қиюының алдын алатын және генетикалық тұрғыда “сапалы” жұптарға салық жеңілдіктерін ұсынатын заңдарды қабылдады. «Генетикалық денсаулық соты» адамдардың ішінде қай топтардың ұрықсыздандыруға лайық екенін анықтау үшін құрылды, оларды (еврейлермен) аралас неке үшін, күйзелісі, баспанасыздығы немесе квирлігі үшін жауапқа тартты. Американдық евгенисттер бұны бір ауыздан мақұлдады. Мақұлдағандардың бірі,  Лотроп Стоддард, Германияға сапарында «нацисттер герман тұқымының ең нашар штаммдарын ғылыми және шынайы гуманистік жолдармен жойып жатқанын» хабарлады. Карнеги, Рокфеллер және Рассел Сейдж қайырымдылық ұйымдары мен қорлары Лотроптың мәлімдемесіне үлкен қызығушылықпен қарап, Германия мен Америка Құрама Штаттарындағы евгеника зерттеулерін қаржыландырды.

Нацисттер көп ұзамай евгениканы шектен шығарып, Шығыс Еуропаның үлкен аумақтарын тұрғындарға тәжірибелер жасайтын зертханаға айналдырды. Нәсіл зерттеуші ғалымдар концлагерьлерде ғылыми-зерттеу бөлімшелерін салды. Олар жұмыстағы күндізгі уақыттарын тұтқындарға жан түршігерлік тәжірбиелер жасаумен, ал кешкі уақыттарын қала маңындағы жайлы саяжайда отбасыларымен бірге кешкі ас ішумен өткізді. Олардың евгендік идеалдары Холокосттың (Шоаның) барлық майдандарында қолданылды.

Освенцим-Биркенаудан аман қалған аноним әйел өзінің оқиғасын егжей-тегжейлі сипаттағаны сонша, бұл оқиғаны мен еш ұмытқан емеспін. Ауқымды лагерьлер желісіне алғаш әкелінген кезде ол тыр жалаңаш шешініп, шомылып, күзетшілердің көз алдында тізбекке тізіліп тұруға мәжбүр болған. Оның байқауынша, нацисттік күзетшілер жаңа келген тұтқындардың денелерін мұқият қарап, кез келген ақау белгілерін іздеген. Басқа әйелдер ұятты жерлерін қолдарымен жасыруға тырысса, бұл жақында соқыр ішегін алып тастағаннан қалған тыртығын жасыру үшін оң қол жағын киімімен бүркеп алған. «Бұл әрекет менің өмірімді сақтап қалды, өйткені нацисттер ауыр жұмыс атқара алатын сұлу денелерді қалайтын», – деп жазады.

Нюрнбергте де евгениканы жауапқа тартты. Нацисттік дәрігерлер өздерінің қылмыстарын егжей-тегжейлі баяндаған кезде, өздерінің тәлімгерлері ретінде Оливер Холмс пен Мэдисон Грант сияқты американдық евгенисттерді атады. Олар нәсілшілдікті ғылыми тұрғыдан негізделген, саяси тұрғыдан қажетті етіп көрсету үшін көрнекі және математикалық формулалары арқылы сипатталған адам бас сүйектерінің фотосуреттері мен диаграммаларын пайдаланды. Бұл Нюрнберг кодексінің тұжырымдамасына, яғни, медициналық тәжірбиелерде ақпараттандырылған келісім сияқты заманауи тұжырымдамаларға негіз болған зерттеу этикасының кодексіне әкелді.

Нацисттердің зұлымдығы адамзат тарихында сөзсіз ерекше орынға ие, алайда бұл ерекшелік бізді өз қоғамымызда болып жатқан осыған ұқсас жайттарға көз жұмуға алып келген тәрізді.

Нацисттер ағылшын тілдес замандастарының беделін түсірген болуы мүмкін, бірақ шын мәнінде олардың қылмыстарының байқалмай қалуына ықпал етті. Нацисттердің зұлымдығы адамзат тарихында сөзсіз ерекше орынға ие, алайда бұл ерекшелік бізді өз қоғамымызда болып жатқан осыған ұқсас жайттарға көз жұмуға алып келген тәрізді.

Кейбір евгендік тәжірибелер соғыстан кейінгі дәуірде шынымен әлсірегенімен, олар ешқашан толығымен жойылған жоқ. Мысалы, 1927 жылы Жоғарғы Сот конституциялық деп жариялаған мәжбүрлі ұрықсыздандыру Америкада 1980 жылдарға дейін халықтың белгілі бір топтарына қолданылды. Америка Құрама Штаттарында бізге белгілі соңғы мәжбүрлі ұрықсыздандыру 1981 жылы орын алған. Алайда бұған дейінгі екі жыл бұрын ғана өткізілген зерттеу АҚШ ауруханаларының шамамен 70 пайызы Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету орындарының ұрықсыздандыруға ақпараттандырылған келісім алу туралы нұсқаулықтарын орындамайтынын көрсетті. Бұл шешімдерден ең көп зардап шеккен халық бұрынғы ұсқынсыз заңдар қылмыстық жауапкершілікке тартқан топтар болды: мүгедектер, созылмалы аурулары бар науқастар, квирлер және кедейлер, көбінесе қара, қоңыр, азиялық немесе үндіс әйелдері.

Ұсқынсыз заңдардың күші жойылған болуы мүмкін – бұлардың соңғысы 1980-жылдары қабылданған, бірақ бұл олардың негізін құрайтын орнықты нанымдар толығымен жойылды дегенді білдірмейді. Біздің қадір-қасиет пен сұлулық туралы түсініктеріміз өзгерді және енді олар әлдеқайда нәзік ұғымдар. Алайда бұл қазірдің өзінде тұрақты ілгерілеудің көрсеткіші. Ұсқынсыз заңдар адамдарды қабілеттілік дәрежесіне, нәсілге, тапқа қарай бөлетін кодекстер болатын және олар мүгедектік бойынша әділетті қорғаушылардың тынымсыз еңбегінің арқасында ғана жойылды. Осы заңдардан зардап шеккен адамдар бостандыққа шықты.

Қарсылық таныту

Роберт Бургдорф жартылай сал болып туылған. Ол электрик болғысы келді, бірақ оны мүгедектігіне байланысты оқуға қабылдамады. Оның орнына ол заңгерлікке оқып, өмірін өз басынан өткерген кемсітушіліктің ендігәрі өткен шақта қалуын қамтамасыз етуге арнады. 1975 жылы ол және оның жұбайы Марсия Пирс Бургдорф мүгедектікке арналған «Теңсіздік тарихы: тең дәрежеде қорғау бабындағы «күдіктілер табы» ретінде қарастырылатын мүгедектердің біліктілігі» атты маңызды жұмысын жариялады. Онда олар Чикаго муниципалды кодексінің тұжырымына және Чикаго, Колумбус және Омахадағы бастапқы ұсқынсыз қаулыларға сілтеме жасай отырып, «ұсқынсыз заң» терминін ойлап тапты.

Бургдорф 1987 жылы «Мүгедектігі бар америкалықтар туралы» заң жобасын әзірлеуді жалғастырды. Бұл маңызды сәт бүкіл ел бойынша арнайы ұйымдастырушылардың ондаған жылдар бойы жүргізген жұмысының арқасында жүзеге асты. 1977 жылы Сан-Францискода 100-ден астам мүгедектігі бар белсенділер 26 күн бойына отырыс өткізіп, жақын арада қабылданатын «Сауықтыру туралы» заңда кұкықтарының көбірек қорғалуын талап етті. Олар жүргізген келіссөздер мүгедектігі бар Америкалықтар туралы заңның негізін қалауға көмектесті.

Бұл заң қабылданғанға дейін Орегон штатындағы Портлендте қоғамдық орындарда көзге көрінетін мүгедектігі адамдарға әлі де айыппұлдар жазылып жазаланатын. Белсенділер қоғамдағы ұсқынсыздық, мүгедектік және жазалауға байланысты тұжырымдамаларға қарсы күрес жоспарын жасаған кезде, бір тақырыпқа сәйкес, «Қайыршылық туралы заң тек ұсқынсыздарды жазалайды» деген есептемеге сүйенді.

Олар көзге жағымды эстетиканың қаруға қалай айналатынын жақсы білді, өйткені бұл ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдарға қарсы қолданылған. Олар 1990 жылдың наурыз айында Капитолий шарлауын ұйымдастырды, онда мыңнан астам адам мүгедектігі бар Америкалықтар туралы заңның қабылдануын талап ету үшін шеруге шықты. Шарлау алпыс шақты наразылық білдіруші мүгедектігі бар адамдардың арбаларынан түсіп, Капитолий баспалдақтарымен жоғары көтерілуімен аяқталды. Ең жас қатысушы 8 жасар Дженнифер Килан болды, ол осы уақытқа дейін екі жыл бойы наразылық білдірген болатын. Шарлау қолжетімсіз құрылыс нысандары мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін қалай шектейтінін кеңінен жариялады. Төрт айдан кейін мүгедектігі бар Америкалықтар туралы заңға қол қойылды.

Бұл заң болмағанда мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыстың, мектептің және көліктің қол жетімділігіне байланысты құқықтар мүлдем қорғалмас еді. Осы заң қабылданғанға дейін қоғамдық көлікке мінгісі келетін мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдар арбаларын қалдырып кетуге мәжбүр болды. Мейрамханалар мен азық-түлік дүкендерінің мүгедектерге қызмет көрсетуден бас тартуға заңды құқығы болды. Белсенділердің ашқан есіктері болашақта мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері де, сөздің тура және ауыспалы мағынасында, есіктерді аша алатынын білдірді.

«Мен мүгедек болып туылғанмын. Менің қолым қысқа, саусақтарым жоқ, бас бармақтарым жоқ. Бұл заңның қабылдануы маған есіктерді ашу сияқты қарапайым нәрселерді орындауды жеңілдетті… Заң нұсқаулықтарында есіктерді ашу тәрізді күнделікті қарапайым қажеттілікттерді бір қолмен жасауға болатынын және көп күш жұмсауды қажет етпеу керектігін айтады … Сондықтан мен сияқты бас бармақтары жоқ адамдарға, сонымен қатар артриті бар адамдарға, жүк тасушы адамдарға да есіктер оңайырақ ашылатын болды. Бұл жай ғана есік ашу тәрізді қарапайым міндетті көптеген адамдар үшін әлдеқайда қолжетімді етеді», – деп көз жанарынан айырылған кәсіпкер Джим Хатчинг заңның қабылданғанына 30 жыл толу қарсаңында түсіндірді.

Капитолий шарлауын ұйымдастырған ADAPT сияқты топтар басқаратын мүгедектерге қатысты әділеттілік қозғалыстары әлемді әртүрлі өмірлік тәжірбиелерге және түрлі дене бітімдеріне ашық болуға шақырды. Олар нақты саясат пен әмбебап ұстаным үшін күресті: кейбір адамдарға денелерінің ерекшеліктері олардың адамдығын шектейтінін айтатын теріс пікірді жою; барлық дене бітімдерінде сұлулықтың бар екенін жариялау. Біз олардың батылдығы мен жасампаздығын құрметтейміз, бірақ бәрібір қоғамымыздағы ең шеттетілген адамдар өздерінің адамшылығы үшін үнемі күрес жүргізуге мәжбүр болғанына өкініш білдіруіміз қажет.

Істейтін жұмыс әлі де көп

Заң қабылданғаннан кейін 30 жыл өтсе де, әділдік үшін күрес әлі де ұзақ уақытқа жалғаспақ. Тек келесі штаттар, қалалар мен аймақтар сыртқы келбетке байланысты кемсітушілікке тыйым салады: Мичиган, Сан-Франциско, Колумбия аймағы, Санта-Круз, Мэдисон, Урбана (Иллинойс) және Ховард аймағы (Мэриленд). Нәсіл, шығу тегі, жыныс, жас, мүгедектік тәрізді сыртқы келбеттің кейбір санаттары қорғалған болса да, заңда сыртқы келбетке байланысты кемсітушілікке федералды тыйым салынбаған. 2020 жылғы мәлімет бойынша тек бес штатта шаш үлгісіне байланысты кемсітушілікке нақты тыйым салынған. Калифорния табиғи шашты қорғау және «кәсіби» жұмыс орнында текстуралы шаштың мағынасы туралы аңыздарды жою үшін CROWN актісін қабылдаған алғашқылардың бірі болды. Әрине, заң шығарушы орган бұл күресті жалғыз жүргізген жоқ.

#cripthevote және #deafpower сияқты әлеуметтік қозғалыстардың барлығы қоғамда шеттетілген адамдардың тәжірибесіне басты назар аударып, сұлулықтың, күштің және мүмкіндіктің бұрынғы анықтамаларын айқындауға және кеңейтуге бағытталған. Мүгедектігі бар адамдар “жарымжан” деген сөздің қолданысынан бас тартып, өзгелерден аяушылық емес, тәуелсіздік пен билік күтеді. Бұрынғыдан гөрі халықаралық агенттіктермен келісімшартқа отыратын мүгедектігі бар модельдер және теледидарда өз әңгімелерін жазып, теледидарда жиі көрінетін мүгедектігі бар адамдар саны артты. #hospitalglam әлеуметтік медиа қозғалысының қатысушылары, яғни мүгедектігі бар адамдар және ауруханада емделіп жатқандар, медициналық мекемелерде селфи жасайды, және өз ауруынан жоғары тұратын, өздерінің эстетикалық қабылдауын өз бақылауында ұстайтын контент жасаушылары екенін көрсетеді. Олар бізге сұлулықтың субъективті екенін және барлық көзқарастар осы субъективтілікке сәйкес болу керектігін еске салады.

Осы заңдардан зардап шеккен адамдар бостандыққа шықты.

Бұл күрес бәрімізге танымал эстетиканың алатын орнын қайта қарастыруды және қалыптылықтың жалған бинарлылығынан мүлдем бас тартуды талап етеді. Егер еңбекке қабілетті қоғамдар соншалықты икемсіз болмаса – егер адамдар бұл әлемде өмір сүрудің түрлі жолдары бар екенін үйренсе, мүгедектіктің өзі адамдарды шектемес еді. Егер сұлулық пен билік өзара алмасатын ұғымдар болса, тарих бойынша біз билікке жетудің бір ғана жолы бар деп түсіндік. Заманауи қозғалыстар бұл ұғымның дұрыс еместігін дәлелдейді.

Евгеника қозғалысы да, ұсқынсыз заңдар да біздің қоғамда әлі жойылған жоқ. Қоғамда кім өзін ыңғайлы және маңызды сезінетінін анықтайтын ережелер жаңа технологияларға, соның ішінде синтетикалық биологияға сәйкес үнемі қайта анықталып отырады. Көкейді тескен бір сұрақ бар: кез келген адам өркендей алатын қоғамды қалай құрамыз? Бұл шешімге келу үшін тәжірбиесі мен қабілеті ерекшеленетін адамдар еңбек етеді ме, әлде бұл шешім өрлеудің ерекше анықтамасынан туындай ма?

Әлем әлі де сұлулықтың барлық түрлерін қабылдауға дайын емес. Мүгедектігі бар адамдар мен кедейлер әлі де кедей және қысқа өмір сүруге бейім. Гарвард молекулалық инженері Джордж Черч белгілі бір адамдардың кездесуіне және балалы болуына жол бермеу үшін басқа танысу қолданбаларының негізінде жұмыс істейтін, “генетикалық жұп” жасауға көмектесетін танысу қолданбасын әзірлеуде. Қоғамда кеңінен шеттетілген адамдарға өзгелермен танысуға тыйым салынбаса да, олар адамдармен таныстыратын технологиялардан әдейі шеттетілуде. Ендігәрі адамдарға көшеде сыртқы келбетіне бола айыппұл салынбаса да, олар әлі де терісінің түсіне қарай тоқтатылып, тінтіледі. Адамдарды ендігі қаладан қууға ешкімнің құқығы болмаса да, бұл олардың өздері қалаған жерде тұру үшін қажетті қолжетімді баспанасы мен жұмыс мүмкіндіктері бар дегенді білдірмейді. Кітаптарда «нәсілдік гигиенаны» айқын насихаттайтын заңдар жоқ, дегенмен иммиграцияны шектеу және шекарада тұтқындар лагерлерін құру бұл насихатқа сәйкес келеді.

Сюзан Швейк өзінің ұсқынсыз заңдар туралы кітабында «сұлулық терінің тереңдігіне дейін ғана жетеді, бірақ оған деген ұмтылыстың зияны әлдеқайда тереңірек» деп жазады. Біз әлі де сұлулық пен ұсқынсыздық төңірегіндегі ұғымдармен күресіп келеміз. Біздің қазір қолымыздан келетіні – осы ұғымдардың мағынасын айқын көрсететін күрделірек анықтамаларды еңгізіп, субъективті маркерлердің шарттылығын азайту. Барлығымыз үшін ненің дұрыс екенін ешқайсымыз білмейміз. Біз білетін нәрсе – айналамызда біз ойлағаннан да көп сұлулық бар, және сұлулық тек өзіміз сұлу деп есептейтін адамдар мен жерлерде ғана емес. Бұл көзқарастың ауысуы әлемді өзгерте алады, яғни кез келген өмірлік тәжірбиені маңызды етіп, әрбір адам орнын таба алатын басқа әлемдерді мүмкін етеді.

Бұл эссе Grow журналының екінші жылдық басылымында бар. Осыған ұқсас шығармаларды оқу үшін біздің сұлулық шығарылымымызға қазір тапсырыс беріңіз.